Жедел жәрдем енді тәулік бойы қызмет көрсетпеуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жедел медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгеріс енгізу жөніндегі бұйрықтың жобасын әзірледі. 

эвакуация
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Жедел жәрдем қызметі төрт санатқа бөлінеді: 

— Бірінші санаттағы шақырту — шұғыл медициналық көмек көрсетуді талап ететін, адам өміріне тікелей қатер төнгенде;

— Екінші санаттағы шақыру — медициналық көмексіз адам өміріне ықтимал қатер төнгенде;

— Үшінші санаттағы шақыру — медициналық көмексіз денсаулыққа ықтимал қатер төнгенде;

— Төртінші санаттағы шақыру — пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қатер болмаған жағдайда. 

Енді жаңа өзгерістерге сәйкес, жедел жәрдем 4-ші санаттағы шақыртуларға тәулік бойы емес, кесте бойынша, яғни жұмыс уақытында таңғы сағат 08:00–ден 18:00–ге дейін, сенбі күні 8:00–ден 12:00–ге дейін шығады, ал жексенбі — демалыс. 

«Қолданыстағы тариф алғашқы медициналық-санитарлық алғашқы көмекті (МСАК) ұйымдастыру кезіндегі жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің барлық шығынын толық жаба алмайды. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі нәтижесінде тәулік бойы жұмыс істейтін бригадаларды ұстаудың тиімсіздігі байқалады, бұл кредиторлық берешекке әкеліп соғады», — деп түсіндірді ведомстводан. 

Құжат жобасы Ашық НҚА сайтында жарияланған және 8 қазанға дейін жұртшылықтың талқысына ұсынылып отыр.  

Соңғы жаңалықтар