Жедел жәрдем көлігінсіз қалған ауыл тұрғындарына Алматы облысының әкімдігі жауап берді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында ауыл тұрғындары жедел жәрдем көліктерінің 3 айдан бері бұзылып тұрғанын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жедел жәрдем көлігінсіз қалған ауыл тұрғындарына Алматы облысының әкімдігі жауап берді

«Біз Шанханай ауылдық округінің тұрғындарымыз. Округке берілген жедел жәрдем көлігінің жөндеуде тұрғанына үшінші айға кетті. Үш-төрт мың халқы бар елге қиын болды. Карантин дегеніңіз мынау. Ел қиналып жатыр. Бізге көмектесуіңізді сұраймыз», - деп ауыл тұрғындары әлеуметтік желіге видео жариялады.

Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне берген ресми жауабына сәйкес, жаңа жедел жәрдем көліктері өңірге 2 кезеңмен жеткізіледі. 1 қазанға дейінгі алғашқы кезеңде – 12 көлік, 1 қарашаға дейінгі екінші кезеңде 180 көлік алынбақ.


Кербұлақ ауданына 1 қазанға дейін 1 жедел жәрдем көлігі берілгенімен, ол аудан орталығынан 100 шақырым жерде орналасқан Көксу ауылына жебіреледі. Ал аудан орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан Шанханай ауылдық округіне жаңа жедел жәрдем машинасын 1 қарашаға дейін беру жоспарланған.

«Жергілікті бюджеттен емханалар жанындағы 4 санат бойынша медициналық көмек көрсететін жедел жәрдем бригадаларына 30 бірлік автокөлік сатып алуға қаржы бөлінді. Биылғы 1 қазанға дейін облысқа 12 жылжымалы медицина кешені жеткізіледі. Кербұлақ ауданына 1 қазанға дейін бір жедел жәрдем көлігі беріледі», - делінген ведомство жауабында.

Мәлім етілгендей, қазіргі уақытта облыста 165 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Лизинг бойынша 105 жедел жәрдем автокөлігін жеткізу күтілуде.

«Бұдан басқа, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС мен «Самұрық - Қазына» АҚ гуманитарлық көмек аясында 18 бірлік санитарлық автокөлік берді.

Биылғы 1 қарашаға дейін 180 бірлік автокөлік сатып алынады. Бұл автопаркті 50% жаңартуға және бригадалар санын 205-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді басқармадан.