Жедел жәрдем жүргізушілері медициналық көмек көрсету процесіне жұмылдырылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда шұғыл медициналық көмек көрсете алатын әмбебап көлік жүргізушілерді оқыту жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қызығушылық танытқан жүргізушілерді оқытамыз. Өйткені барлығы бірдей біліктілігін арттырғысы келмейтіні түсінікті. Бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыру үшін бір жыл уақыт керек болады», - деді А. Ғиният Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Осы орайда министр парамедик шұғыл медициналық көмек аясында қызмет ететінін айтты.
«Әлемде жақсы тәжірибе бар. Жедел медициналық жәрдемді негізінен парамедиктер атқарады. Еліміздегі жүргізушілер медициналық процеске қатыспайтынын ескере отырып, біз алдағы уақытта бұл команданың мүмкіндіктерін күшейткіміз келеді. Жүргізушіні шұғыл қызмет командасына қосып, оны парамедик ретінде даярлау ескерілген», - деді ведомство басшысы.
Осы орайда ол жүргізушілердің жалақысына үстемеақы түрінде ынталандыру тетігі енгізілетінін айтты.