Жедел жеткізу нарығы: Қазақстан мен Қытайда курьерлер қанша табады

АСТАНА. KAZINFORM – Электронды сауда мен жеткізу қызметінің дамуы Қазақстан мен Қытайда цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтіндер қатарын едәуір көбейтті. Сұраныс жоғары кезде курьерлердің табысы елдегі орташа жалақыдан асып түсуі мүмкін. Екі елде курьерлер қанша табады, кірісі неге байланысты, қандай жағдайда жұмыс істейді? Тақырыпты Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі тарқатты.

Қытайдағы курьерлер
Фото: Берік Табынбаев / Kazinform

Жеткізу қызметі еңбек нарығын қалай өзгертті

Екі елде де интернет саудасы қарқынды дамып келеді. Қазақстанда өткен жылдың қорытындысы бойынша электронды бөлшек сауда көлемі 19,4 пайызға өсіп, 3,77 трлн теңгеге жетті. Бұл – жалпы бөлшек сауда айналымының 14,3 пайызы. Қытайда интернет арқылы тауар сату көлемі 5,2 пайызға артып, 13,1 трлн юаньды (881,7 трлн теңге) құрады. Оның жалпы бөлшек саудадағы үлесі 26,1 пайызға жетті.

Интернет саудасы кеңейген сайын тауарды жедел жеткізуге сұраныс артып келеді. Қазақстанда әсіресе дайын тағам жеткізу қызметі қарқынды дамып отыр. 2025 жылы интернет арқылы дайын тағамға тапсырыс беру көлемі 169,5 млрд теңгеге жетті. Бұл екі жыл бұрынғы көрсеткіштен үш есеге жуық көп. Бір жылда дайын тағам жеткізумен айналысатын тіркелген жеке кәсіпкерлер саны 60 пайызға өсіп, 11,3 мыңға жеткен.

Қытайдағы жеткізу нарығының ауқымын елдегі ірі сервистердің бірі – Meituan мысалынан көруге болады. Бұл платформа арқылы ай сайын орта есеппен 3,36 млн курьер тапсырыс орындаған. Жалпы Қытайдың жедел жеткізу саласында 20 млн-ға жуық адам еңбек етеді.

Бұл кәсіпті бастау үшін қойылатын талаптар көп емес, жұмыс кестесі де икемді. Сондықтан біреулер курьерлікті негізгі жұмыс ретінде таңдаса, енді бірі қосымша табыс көзіне айналдырған. Бұл кәсіппен айналысатындардың құрамы да өзгеріп келеді. Мәселен, Meituan платформасында 700 мыңнан астам әйел жұмыс істейді. Курьерлер арасында ауылдық жерлерден келгендер қатары да көбейіп келеді.

мопеды, доставка, дорога
Фото: Александр Павский / Kazinform

Курьерлердің нақты табысы қанша

Екі елде курьерлердің табысына қатысты ресми статистика мен нарықтағы көрсеткіштер бір-бірінен ерекшеленеді. Себебі курьерлердің едәуір бөлігі цифрлық платформалар арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат немесе серіктес ретінде еңбек етеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2026 жылдың бірінші тоқсанында пошта және курьерлік қызмет саласындағы орташа айлық атаулы жалақы 291,9 мың теңге болған. Ірі қалаларда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Алматыда – 424,7 мың теңге, Астанада – 474,8 мың теңге. Алайда ресми статистика ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысына негізделген. Цифрлық платформалар арқылы тапсырыс орындайтын курьерлердің табысы толық қамтылмаған.

Алматыда жеткізу сервистерімен серіктес ретінде жұмыс істейтін курьерлер сағатына орта есеппен 1,5–1,8 мың теңге табады. Тапсырысты көп орындаған жағдайда айлық табысы 500 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қазақстанда курьерлерді жұмысқа шақыратын хабарландыруларда күніне 25–60 мың теңге табуға болатыны көрсетіледі. Алайда бұл – күнделікті түсетін табыс емес, бонустар мен сұраныс жоғары кездегі қосымша төлемдерді қоса есептегендегі ең жоғары көрсеткіш. Салыстыра кетсек, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы медианалық жалақы 348,4 мың теңге болды.

Meituan мәліметінше, Қытайда 2025 жылдың бірінші тоқсанында жиі тапсырыс орындайтын курьерлердің орташа айлық табысы 7 230–10 100 юань (486,6–679,8 мың теңге) аралығында болған. Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу және Шэньчжэнь қалаларындағы арнайы жеткізу бағдарламаларына қатысқан курьерлер айына 12 593 юаньға (847,6 мың теңге) дейін табыс тапқан. Ол үшін айына кемінде 22 күн жұмыс істеп, күніне кемінде алты сағат тапсырыс орындауға жұмсау қажет.

2025 жылы Қытай қалаларындағы жеке сектор қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы шамамен 5 966 юань (401,5 мың теңге) болған. Демек, тұрақты жұмыс істейтін Meituan курьерлері жеке сектордағы орташа жалақыдан 21–69 пайыз артық табыс тапқан. Ал ірі қалаларда курьерлердің ең жоғары табысы бұл көрсеткіштен екі еседен асқан.

Курьерлердің табысы мен шығыны

Штаттағы қызметкерлерден айырмашылығы, цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін курьерлердің басым бөлігі әр орындаған тапсырысы үшін ақы алады. Олардың табысы жүріп өткен қашықтыққа, тапсырыс санына, ауа райы мен сұранысқа байланысты.

курьер
Фото: Kazinform/ЖИ

Жеке автокөлігімен, мопедпен немесе электрлі велосипедпен жұмыс істейтін курьерлер жанармай, қуаттау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу шығындарын өз қалтасынан төлейді. Шамамен есептегенде, мопед пен электрлі мопед пайдаланатын курьерлер табысының 10–20 пайызын осы шығындарға жұмсайды. Автокөлікпен жұмыс істейтіндер үшін бұл үлес әлдеқайда жоғары.

Қазақстанда курьерлер үшін ең табысты уақыт – түскі және кешкі мезгіл. Өйткені осы уақытта тапсырыс көбейеді. Сағатына 1,5–1,8 мың теңге табатын курьер күніне 8 сағаттан, айына 22 күн жұмыс істесе, жалпы табысы 264–317 мың теңге болады.

Жанармай, қуаттау және көліктің тозуына байланысты шығындарды шегергенде, қолында шамамен 224–269 мың теңге қалады. Бір сағаттағы нақты табысы 1,3–1,5 мың теңгеге дейін төмендейді. Бұл сома жарнамада көрсетілген жоғары табыстан гөрі елдегі медианалық жалақыға жақын. Оның үстіне, курьердің жұмыс уақыты түгелдей тапсырыс орындауға кетпейді. Тапсырыс күтуге, дайын тағамды алуға, бір аумақтан екіншісіне жетуге де уақыт жұмсалады. Meituan зерттеуіне сәйкес, сұраныс жоғары кезеңде Қытайдағы курьерлер күніне орта есеппен 7,8 сағат платформада онлайн болған. Оның 6,9 сағаты тікелей тапсырыс орындауға кеткен.

Курьерлерге қандай әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған

Цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтіндер көбейген сайын мемлекеттер осы саланы реттеу мен әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіріп келеді.

Қазақстанда 2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі қолданысқа енгізілді. Бұл режим курьерлік қызмет пен дайын тағам жеткізуді де қамтиды. Белгіленген талаптарды сақтаған азаматтар жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Олар табысының 4 пайызын әлеуметтік төлемдерге аударады. Интернет-платформалар арқылы тапсырыс орындаған жағдайда бұл қаражатты ұстап қалу және аудару міндетін платформа операторлары атқарады.

курьер
Фото: Берік Табынбаев / Kazinform

Қытайда еңбек барысында туындайтын қауіп-қатерден сақтандыруға басымдық берілген.

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтіндерді өндірістік жарақаттан қорғауға арналған пилоттық бағдарлама елдің барлық өңірінде қолданыла бастады. Маусымның соңына қарай бағдарлама жеткізу қызметі, жолаушылар тасымалы және қала ішіндегі жүк тасымалы салаларында еңбек ететін 29,9 млн-ға жуық адамды қамтыған.

Meituan мәліметінше, компания 10 млн-нан астам курьерді сақтандырып, сақтандыру жарналарына 3 млрд юаньнан (202 млрд теңге) астам қаражат жұмсаған. Қытайдағы сақтандыру жүйесінің ерекшелігі – жарна мөлшері орындалған тапсырыс көлеміне қарай есептеледі.

Дрондар мен роботтар курьерлердің орнын баса ма

Қытай компаниялары қызметкерлер санын күрт арттырмай, жеткізу шығынын тежеу үшін жұмысты автоматтандыруға қаржы салып жатыр.

курьер
Фото: Берік Табынбаев / Kazinform

2026 жылдың маусым айының соңына қарай Meituan дрондары 1 млн-нан астам коммерциялық тапсырыс орындаған. Олар Бейжің, Шанхай, Шэньчжэнь, Гуанчжоу секілді қалаларда әуе арқылы жеткізудің 70 бағыты бойынша жұмыс істеген. Жүргізушісіз көліктер мен тапсырыс жеткізетін роботтарды қолдану аясы кеңейіп келеді.

Алайда әзірге жаңа технологиялар жеткізу жұмысының жекелеген бөліктерін ғана атқарады. Олар негізінен тұрақты, бірізді бағыттарда қолданылады. Дрондар мен роботтар курьерлердің орнын баспай, олардың жұмысын толықтырып отыр. Тапсырысты тұтынушының есігіне дейін жеткізу үшін әлі де адам еңбегі қажет.

Қазақстан үшін Қытай тәжірибесі екі тұрғыдан маңызды. Біріншісі – жеткізу саласына жаңа технологияларды енгізу, екіншісі – цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру.

Түптеп келгенде, курьерлік кәсіптің тиімділігін табысты өткен бір айдың кірісімен емес, барлық шығынды шегергеннен кейін бір сағатта қанша ақша қалатынымен бағалаған жөн.

Бұған дейін Қытайдың жасанды интеллект көмегімен интернет саудасын дамытуға басымдық беріп отырғанын жазған едік.