Жеделсатыны тепкен астаналық тұрғын ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордалық полицейлер тұрғын үй кешендерінің бірінде лифтінің таблосын теуіп сындырған қала тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Астана қаласының әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, оқиға тұрғын үй кешенінің кіреберісінде болған. Белгісіз ер адамның әрекетінен кейін жеделсаты істен шыққан.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бұзақының жеке басы анықталды. 27 жастағы азамат масаң күйінде лифтінің таблосын тепкен. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Қазіргі кезде «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қала тұрғыны тұрғын үй кешеніндегі лифт қабырғасына зақым келтіргені үшін айыпты деп танылды.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарға бөтеннің мүлкіне зиян келтіргені үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделгенін ескертеді.