Жеке адамдардың шетелден көлік әкелу мәселесі қаралып жатыр - министр
АСТАНА. KAZINFORM – БАҚ-та 1 желтоқсаннан бастап жеке тұлғалардың шетелден 3 жылға дейінгі жаңа көлік кіргізуіне тосқауыл қойылатыны туралы мәлімет тарап жатыр. Қаржы министрі Мәди Такиев Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында осы ақпаратқа түсініктеме берді.

«Бұл мәселені жалпы бірнеше министрлік қарап жатыр. Оны өзіміз алып шығарып жатқан жоқпыз. Біз шетелден көлік кіргізу процесінің тізбегінде ең шетінде тұрмыз – шлагбаумды ашамыз да, жабамыз. Ол мәселені қарайтын Сауда министрлігі, Өнеркәсіп министрлігі бар. Кеше Үкімет отырысында айттым, осы сұрақты қайта қарайық дедім. Барша тәуекелдерді қайта қарап шығайық деп айттық. Бұл өзгеріс тура 1 желтоқсаннан бастап күшіне енеді деп айтуға ерте. Яғни, 1 желтоқсанда өзгеріс болады деп күтпеуге болады. Бір аптаның ішінде нақты шешім қабылдаймыз», - деді министр.
Айта кету керек, Мемлекеттік кірістер комитетінен тараған мәлімет бойынша, 1 желтоқсаннан бастап шетелден көлік кіргізудің тәртібі өзгеруі керек болған. Нақтырақ айтсақ, қазақстандықтар шетелден ел аумағына кіргізетін көліктердің техникалық регламентке сәйкестігі туралы құжат рәсімдеуге міндеттелмек. Ал ондай құжатты тек заңды тұлғалар ғана рәсімдей алады. Осылайша қарапайым азаматтардың өз бетімен шетелден көлік айдап әкелуіне тосқауыл қойылуы мүмкін.