«Жеке бас мәліметтері және оларды қорғау туралы» ҚР Заңы биылғы қараша айынан бастап күшіне енеді - ҚР ИЖТМ
АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - «Жеке бас мәліметтері және оларды қорғау туралы» ҚР Заңы биылғы қараша айынан бастап күшіне енеді. Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздікті дамыту» тақырыбында өткен 2-ші халықаралық конференцияда ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Дұғалов айтты.
«Қазақстанда жеке бас және отбасы құпияларын сақтауға, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік реттеуді күшейтуге арналған «Жеке бас мәліметтері және оларды қорғау туралы» Заң қабылданды. Ол ағымдағы жылдың қараша айынан бастап күшіне енеді», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Парламенті «Жеке бас мәліметтері және оларды қорғау туралы» заң жобасына енгізілген түзетулерді 2013 жылдың сәуірінде қабылдаған болатын. Бұл заң субъекті, меншік иесі, оператор және жеке бас мәліметтерін жинаумен, өңдеумен және сақтаумен айналысатын үшінші тұлғаның арасындағы қарым-қатынастарды реттейді. Сонымен қатар, субъектінің, меншік иесінің және оператордың құқықтары заңдық тұрғыда белгіленген еді.
Заң сондай-ақ жеке бас мәліметтерін өңдеу шартарының бұзылғанына орай жеке және лауазымды тұлғаларға айыппұл ретіндегі әкімшілік жазаны қолдануды қарастырады. Заң жобасын жасаушылардың пікірінше, біреудің жеке бас мәліметтерін рұқсатсыз таратқаны үшін әкімшілік жазаға тарту әрбір азаматтың жеке, отбасылық құпияларын және басқа да биометрикалық мәліметтерін сақтауға септігін тигізеді.