Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы заң жобасы депутаттардың талқысына шығарылатын болды
АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен Палата Бюросының отырысы өтті.
Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды.
Үкіметтен келіп түскен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралды. Бұл заң жобасы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жіберіледі.
Әлеуметтік-мәдени даму комитеті«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөнінде ұсыныс жасады.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды талқыға салу мәселесін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынып отыр.
Сонымен қатар Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ұсынуымен «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» заң жобасы және соған ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда депутаттардың талқысына шығарылатын болды.Бұл жөнінде Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлады.
Бюро отырысында депутаттық корпустың заң шығарушылық қызметіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.