Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды - Мәжіліс
Заң жобасының мақсаты - жеке басты куәландыратын құжатты рәсімдеу, беру, ауыстыру, өткізу, алып қою және жою талаптарын белгілеу. Құжат еліміздегі жеке басты куәландыратын құжаттардың құқықтық негізін айқындауды көздейді. Сонымен қатар, заң жобасында жеке басты куәландыратын сипаттағы құжатқа анықтама бірегейлендіріледі. Бұдан бөлек, жеке басты куәландыратын құжаттар түрлерінің тұтастай тізбелері анықталады. Құжаттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның құзыреті айқындалады. Атап айтқанда, заң жобасы бойынша азаматтық құқықтық келісімдерді жасайтын Қазақстан азаматының төлқұжаты мен жеке куәлігі, шетелдіктің тұруға құқық беретін және республикада тұрақты тұратын азаматтығы жоқ азаматтың жеке куәлігі, шетелдік азаматтың шекаралық төлқұжаты секілді құжаттардың тізімі айқындалып отыр. Еліміздің құзырлы орындары берген бұл құжаттар мемлекеттің меншігі болып заң жүзінде бекітілмек. Сонымен қатар, оларды беру және жарамсыз деп танудың негіздері дәйектелген.
Төлқұжат пен жеке куәлікті дайындау мерзімі 30 күннен аспайтын болады. Бұдан бөлек, Мәжіліс екінші оқылымда «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын да мақұлдады.