Жеке басты куәландыратын құжаттардың уақытылы дайын болмауы - өндірістік қуаттардың жетіспеушілігінен - Әділет министрі

АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жеке басты куәландыратын құжаттарды әзірлеу бойынша өндірістік қуаттардың жетіспеушілігі салдарынан жас жұбайлар заңды неке қию рәсімін кейінге қалдыруға мәжбүр болды.

Жеке басты куәландыратын құжаттардың уақытылы дайын болмауы - өндірістік қуаттардың жетіспеушілігінен - Әділет министрі

ҚР Әділет министрі Рашид Түсіпбековтың жеке блогына Қарағанды облысы Шахтинск қаласының тұрғыны, 1985 жылы туған Сергей Сусоев хат жазып, көмек сұраған. «Мен алдағы қыркүйектің 25-і күні қалыңдығыммен заңды некеге тұруды шештім. Шілденің 25-і күні жасым 25-ке толғандықтан жеке куәлігімді ауыстыруға мәжбүр болдым. Куәлікті жылдам мерзімде дайындау үшін қосымша қаражат төледім. Сөйтіп, құжатты қолыма тамыздың 19-ы күні алуым керек болатын. Бірақ бүгін тамыздың 23-і болды, құжат әлі дайын емес. Ал ертең, АХАЖ-ға өтінішімізді беретін соңғы күн. Жеке куәлігім болмағандықтан бізді тіркеуге алмай отыр. Бүгін Халыққа қызмет көрсету орталығында болдым. Бірақ олардан: «бұл сіздің проблемаңыз!», дегеннен басқа жауап алмадым. Бұл тұйық шеңберден шығудың жолы бар ма?», делінген хатта.

Өз кезегінде Әділет министрі, жеке басты куәландыратын құжаттарды әзірлеу бойынша өндірістік қуаттардың жетіспеушілігі салдарынан, азаматтың атына дайындалған жеке куәлік қыркүйектің 2-сі күні берілетіндігі туралы жауап қайырды.

Осы секілді түйіткілге тап болған Шығыс Қазақстан облысының тумасы Алина Смайлова, төлқұжатының уақытылы әзірленбеуі салдарынан Мәскеу қаласына сатып алынған билетін қайыра өткізіп, сапарын кейінге қалдыруға мәжбүр болған. Ол төлқұжат 15 күннің ішінде дайын болуы үшін қосымша баж салықтарын төлей отырып, бір жарым ай өтсе-дағы тиісті құжатын әлі күнге дейін ала алмай жүргенін айтады.

«Бұл құжат маған өте қажет. Себебі мен Мәскеудің Болат және қорытпалар институты магистратурасының күндізгі бөліміне оқуға түстім. Алдын ала барып тіркеуден өтпесем, мен оқудан шығарыламын. Қазір билетті қайта өткізуге мәжбүрмін», деп жазады ол.

Р.Түсіпбеков: «Қолдағы бар ақпаратқа сәйкес, сіздің атыңызға төлқұжат тамыздың 26-сы күні әзірленді және ол берілу үшін ШҚО бойынша Әділет департаментіне жолданды», - деп жауап қайыра отырып, құжат Астана қаласынан ШҚО-ға жеткенше қосымша уақыт кететіндігі туралы ескертті.