Жеке деректердің құпиялылығы ешкімге құпия болмай тұр - Данияр Қасқарауов

Данияр Қасқарауов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Жеке деректердің құпиялылығы ешкімге құпия болмай тұр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Интернет дамыған заманда, осы арқылы жасалатын онлайн-алаяқтықта күн санап өсіп отырғанын білеміз. Интернет алаяқтарға қанша жерден тосқауыл қойылғанымен, олардың айласы асып тұрғанын көріп отырмыз. Мысалы, әртүрлі телеграмм чаттар арқылы қомақты ақша табыңыз деп, талай үйде отырған аналарды алдап жатыр. Ішкі істер министрлігімен қылмыстық істер қозғалады. Бірақ алаяқтың өзін табу мүмкін емес болып отыр. Соңғы ақпараттарға сәйкес 9 айда елімізде 15 мың интернет алаяқтық тіркеліпті. Оның ішінде, 3 мыңнан астамы ресми банктердің атын жамылып азаматтарды алдаған. Осы жерде нақты сауал туындайды. Өздерінің құрығына түсіретін алаяқтар азаматтардың жеке деректерін, телефон нөмірлерін қайдан алады?! Оларға бұл деректерді кім береді? Қанша жерден адамдардың жеке деректерін заңмен қорғап, оның таралуын шектесек те, алаяқтар тоқтайтын емес. Жеке деректердің құпиялылығы ешкімге құпия болмай тұр», - деді Данияр Қасқарауов Ішкі істер, Цифрлық даму және Әділет министрлеріне жолдаған депутаттық сауалында.

Осы орайда депутат жақында бір танысының жеке компаниясын ашып, құжаттарын электронды Үкіметі арқылы тіркеткенін, бұл процесс ешкімнің қатысуынсыз, тек порталда жасалғанын мысалға келтірді.

«Дегенмен, сол күні оған үш бірдей банктен қоңырау түсіп, «арнайы есептік шот ашыңыз» деген ұсыныс түсткен. Ал, ертесі күні заңгерлік-бухгалтерлік қызмет көрсететін жеке компания өкілдері хабарласып, қызметтерін ұсынған. Ең сорақысы, енді жеке таксопарк өкілдері тынымсыз хабарласып көлік қызметін ұсынып отыр екен. Бұның бәрі небәрі 2-3 күнде орын алған жағдай», - деді ол.

Данияр Қасқарауов аталған мекемелер жаңадан серіктестік құрылғанын, оның басшысы кім екенін және кеше ғана ресми тіркелген кәсіпкердің жеке ұялы телефон нөмірін қайдан алып отырғанын білмей дал.

«Бухгалтерлік компаниялар мен таксопарк өкілдерінің қолына түскен ақпарат алаяқтарда да жоқ дегенге кепілдік бар ма? Яғни, біздің жасаған жұмыстарымыздың нәтижесіз екені айқын көрініп тұр. Осы ретте, аталған мәселе бойынша дер кезінде шара қабылдауларыңызды сұраймыз. Жеке деректерді қорғай алмасақ, елді қалай қорғаймыз?!», - деді мәжілісмен.

Соңғы жаңалықтар