Жеке инвестиция әрқашан қолдау табуы тиіс-Мәлік Мырзалин

  КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жеке инвестиция әрқашан қолдау табуы тиіс. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өңірдің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жылғы міндеттері туралы тұрғындар алдында өткен есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Әкімнің сөзінше, өңірде жеке инвестиция тарту бойынша жұмыстар ширатуды қажет етеді.

«Маған Зеренді ауданының Андрей Рыманов есімді тұрғыны жүгініп, спорттық-демалу орталығын салуға жергілікті әкімдік тарапынан жер телімі берілмей отырғанын айтып қынжылды. Осында аудан әкімі Мереке Мұстафин отыр. Бұл мәселені тезірек шешуді тапсырамын. Осы мәселеге қатысты, баршаңызға айтқым келетіні мәдени-демалыс немесе спорттық-сауықтыру нысаны болсын оны әкімдік салмауы тиіс. Бұл жерде жеке инвестиция тартылуы керек. Әкімдік тек жер телімі және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жағынан көмектеседі. Сондықтан да жеке инвестиция әрқашан қолдау табуы тиіс», деді облыс әкімі.

Кездесуде аймақ басшысы атап өткендей мемлекет қолдауы және банктер берген кредиттердің арқасында өңірде шағын және орта бизнес жанданып келеді. 2017 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1000 бірліктен аса көбейді (41719 бірлікке дейін).

Осының арқасында 6 мың жаңа жұмыс орны ашылып, өнідірілген өнімнен түскен пайда мен салықтың есебінен бюджет көлемі 21 пайызға артты. Кәсіпкерлік сектордың әлеуетін арттыру бағытында қызмет көрсету, туризм және агробизнесті дамыту саласында игерілмеген резервтер бар.

«Ауылдық елді мекендерде барлығы 700-ден астам әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылым нысандары жетіспейді Сондықтан, бизнес осында көшуі тиіс. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жергілікті бюджетке тиімді болар еді. Үлгі боларлықтай арамызда осындай азаматтар бар. Соның бірі Есет Нұралин есімді кәсіпкер. Өзінің 3 топтағы мүгедектігіне қарамастан жұмыспен қамту бойынша кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша курстан өтіп, Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр селосында жылыжай шаруашылығын ашты», деді облыс әкімі.

Айта кетейік, «Көкшетау» мәдениет сарайында өтіп жатқан Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің өңірдің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жылғы міндеттері туралы тұрғындар алдында өткен есептік кездесуіне Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Байымбетов қатысуда.

Соңғы жаңалықтар