Жеке кәсіпкерлер кино өндірісіне жыл сайын 20 млрд теңгеден астам қаражат салады – Арман Қырықбаев
АСТАНА. KAZINFORM – Креативті индустрияны қолдауға 2027 жылы 1,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев айтты.
Бүгін Құрылтай отырысында депутат Шолпан Каринова 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында креативті экономиканы дамытуға бөлінетін қаражаттың жеткіліктілігіне қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, алдағы үш жылда креативті индустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесін 3%-ға жеткізу, өңірлік хабтардың инфрақұрылымын дамыту және авторлық құқықты қорғаудың цифрлық платформаларын жетілдіру міндеттері тұр.
Арман Қырықбаевтың айтуынша, бюджет шығыстарын оңтайландыру аясында креативті индустрияға бөлінетін мемлекеттік қаржы да қысқарып отыр.
— Биыл бұл салаға 1 млрд 380 млн теңге бөлінді. Келесі жылы 1 млрд 200 млн теңгеден астам, ал одан кейінгі жылы 1 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылады, — деді министр.
Сонымен қатар ол мемлекеттік бюджет креативті индустрияны қаржыландырудың жалғыз көзі емес екенін атап өтті. Лотерея туралы заңға сәйкес, ұлттық лотерея айналымының 3%-ы жыл сайын осы салаға бағытталады. Бұл шамамен 1-1,5 млрд теңге.
Оның түсіндіруінше, мемлекет қолдауы қалыптасқан бизнеске ғана емес, жастарға, стартаптарға және креативті индустрияда жұмыс істейтін мамандарға бағытталады. Қаражат оқытуға, инновациялық жобаларды қолдауға, сондай-ақ тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасауға жұмсалады.
— Бүгінде креативті индустрияның экономикаға қосып отырған үлесі 2,7 трлн теңгеге жетті. Бұл сала қазірдің өзінде мемлекет қазынасына жыл сайын 200 млрд теңгеден астам салық төлеп отыр, — деді Арман Қырықбаев.
Министр киноиндустрияны мысалға келтірді. Оның айтуынша, мемлекет бұл салаға жыл сайын 5 млрд теңге бөледі. Ал кино нарығының жалпы көлемі мамандардың бағалауынша, 45–50 млрд теңгеден асады. Жеке кәсіпкерлер де кино өндірісіне жыл сайын 20 млрд теңгеден астам қаражат салады.
Бұған дейін Қаржы министрі республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштерін атаған еді.