Жеке кәсіпкерлікті тоқтатудың оңай жолы бар - министрлік
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы уақытта жеке кәсіпкерлік ашып алып, кейін оны жабу кезінде түсінбеушілікке тап болатындар көп. Бұл ретте, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Мемлекеттік көрсетілетін қызмет басқармасының басшысы Думан Қансейітов жеке кәсіпкерлікті тоқтату тәртібі туралы айтып берді.
Ол жекелеген санаттар бойынша жеке кәсіпкерлікті оңайлатылған тәртіппен тоқтатуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Ол үшін ҚҚС төлеуші ретінде есепте тұрмауы керек. Қала берді, бірлескен кәсіпкерлік нысанында қызметті жүзеге асырмайтындар, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асырмайтындар, тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері бойынша іріктемелі салықтық тексерулер тізімінде жоқ азаматтар, тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін салықтық тексерулердің жартыжылдық кестесінде жоқ жеке кәсіпкерлік иелері, салық, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ азаматтар, тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекелдердің жоғары деңгейі жоқ тұлғалар жеке кәсіпкерлікті оңайлатылған тәртіппен тоқтатуға мүмкіндік ала алады», - деді ол.
Мұндай талаптарға сай келсе, жеке кәсіпкерлік иесі өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті, тарату салық есептілігін және бақылау-касса машиналарын есептен шығару туралы салықтық өтінішті (егер бар болса) тапсыру қажет.
Салық органы салық міндеттемесі орындалған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей жеке кәсіпкерлікті тіркеу есебінен шығарады. Тіркеу есебінен шығару туралы ақпаратты уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырады. Сондай-ақ салық төлеуші өзінің жеке кабинетінен де өзгерістерді тексере алады.