Жеке көлік иелері қиындыққа тап болуы мүмкін - Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың жол инфрақұрылымын дамыту аясында негізгі басымдық жаяу жүргіншілерге, велосипедшілерге және қоғамдық көліктерге беріледі.

 Жеке көлік иелері қиындыққа тап болуы мүмкін - Исекешев

Бұл туралы бүгін елордада «Астана қаласының көлік кешенінің даму үрдісі» атты конференцияда қала әкімі Әсет Исекешев мәлім етті.

«Біз Астананы өмір сүруге барынша ыңғайлы қалаға айналдыруға ниеттіміз. Ол үшін қалалық инфрақұрылымды өзгерту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы мен қызмет көрсету бағыттарын жақсарту, жаңа технологияларды енгізу мен «Смарт сити» қалыптастыру қажет. Жол-көлік кешенін дамыту аясында сапалы жолдар, көпірлер мен инфрақұрылымның басқа да элементтерін салу қарастырылған. Қазіргі кезде арнайы бағдарлама әзірленді»,-деді қала әкімі.

Астана халқының тұрғындары 1 миллионнан асып кеткеніне тоқталған Ә. Исекешев, бүгінде шаһарда көлік саны артқанын, осы орайда қалаға өзге өңірлерден келген транзиттік автомобильдерді қоса есептегенде 500 мыңға жететінін жеткізді. Қаладағы көліктік жүйе 952 көшеден тұрады, ал жолдардың жалпы ұзақтығы 950 шақырымнан асады.

«Халықтың автомобильге отыруы қарқыны тұрғындар санының жылдық деңгейде артуы көлемінен екі есе артып отыр. Бұл өз кезегінде инфрақұрлымға елеулі түрде жүк түсіріп отыр және көлік кептелістері орын алуда»,-деді әкім.

Осы ретте ол жол желісін дамыту мен қайта жаңғырту жұмыстары аясында басымдық жаяу жүргіншілерге, велосипедшілерге және қоғамдық көліктерге берілетінін, тек содан кейінгі орында автокөліктер болатынын  қадап айтты.

«Бұл қадамдар әлемдік трендтерге сәйкес келеді. Әрине, бұл шаралар автомобильмен жүретін қалалықтардың наразылығын тудыратыны белгілі, алайда көліктік кешен қоғамдық игілік ретінде жоғарыда аталған басымдықтарды ескеруі тиіс»,-деді Ә. Исекешев. 

null null