Жеке қосалқы шаруашылық жерінде үй салу тәртібі өзгертілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер заңнамасына енгізілетін толықтырулар аясында енді жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) жерінде үй салу тәртібі жекеменшік тұрғын үй құрылысы мақсатындағы учаскелердің ережесі бойынша жүргізілмек. Бұл туралы бүгін Астанада сенаторлардың қатысуымен жер заңнамасын жетілдіру мәселесіне арналған жиында мәлім болды.

Жеке қосалқы шаруашылық жерінде үй салу тәртібі өзгертілмек

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтахановтың сөзіне қарағанда, халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерде тұрғындар жеке қосалқы шаруашылық жерінен өздерінің балаларына жеке үй салуға ниеттілер саны артып келеді. Себебі жеке тұрғын үй мақсатындағы жерлерден учаскелер алу қиынға соғуда. Бұл тұрғыда әкімдіктер жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін тек инфрақұрылым тартылғаннан кейін ғана бөледі.

Өз кезегінде ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жекеменшік тұрғын үй құрылысында заңнамада баспана салудың түгел тәртібі белгіленгенін атап өтті. Осыған сәйкес үй салуға ниетті жер телімін алған азаматтар барлық шараларды әкімдікпен, сәулет мекемелерімен тиісті рәсімдеу жұмыстарын атқарады.

«Ал жеке қосалқы шаруашылық жеріне келгенде бұл мәселелер бұрынғы заңда түгел жазылмаған. Мәселен, Алматы қаласы маңында 2-3 жылдың ішінде үй салуға 4 мың жекеменшік учаскелер берілсе, ал жеке қосалқы шаруашылық жері (25 сотық) 44 мыңнан асқан. Сол себепті жер учаскелері қарқынды берілмей жатса да, көптеген үйлер қайдан пайда болып жатқанына қазір өзіміз таңғалып отырмыз. Бұл үйлер салынғаннан кейін (ЖҚШ жерлерінде) осы жерлерде балабақша, мектептер мен инфрақұрылымдар тартылуы тиіс», - дейді вице-министр. Осы орайда ол заңнамаға жаңадан ескеріліп отырған түзетулер аясында ЖҚШ жерлеріне үй салудың жаңа тәртібі белгіленіп отыр. Бұл тұрғыда енді ЖҚШ жерінде үй салу тәртібі жекеменшік тұрғын үй құрылысы мақсатындағы учаскелердің ережесі бойынша жүргізілмек.

«Яғни жеке қосалқы шаруашылық жерінде үй салуға еш шектеу жоқ, алайда оны салу тәртібі жекеменшік тұрғын үй салу тәртібі бойынша жүзеге асырылуы тиіс», - деді Қ. Өскенбаев.

Алайда сенаторлар осы тәртіп енгізілген жағдайда жекеменшік тұрғын үйге негізделген жер теліміне қол жеткізе алмай отырған халық, әсіресе халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлердің тұрғындары үшін баспана мәселесі қиынға соғуы ықтимал.