Жеке куәлікті бірнеше рет жоғалтқан қазақстандықтар мемлекеттік бажды көбірек төлейді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жеке куәлікті бір жылда бірнеше рет жоғалтатын қазақстандықтар оны қайта рәсімдеу кезінде мемлекеттік бажды көбірек төлейді. Мәжілістің қарауына берілген «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заң жобасында осындай өзгеріс енгізу ұсынылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл сайын орта есеппен жеке басын куәландыратын жоғалған құжаттарды қалпына келтіру мәселесі бойынша 350 мыңнан астам адам (жеке куәлік – 335 мың, паспорт – 15,6 мың) өтініш жасайды. Осыған байланысты, жеке куәлікті 1 жыл ішінде 2 және одан да көп рет жоғалтқан азаматтар жеке куәлікті қалпына келтіру үшін 1 АЕК-ке (3 450 теңге) дейін баж төлеу ұсынылады», - делінген жаңа редакцияда.
Құжаттың түсіндірмесінде жазылғандай, бір жылда шамамен 7 806 қазақстандық жеке куәлікті екі реттен көп жоғалтады.
«Жоғалуына байланысты жыл сайын жеке куәлігін ресімдейтін 335 мың азаматтың 7 806-сы жыл ішінде орта есеппен 2 реттен көп өтініш жасайды. Бұл - жеке басын куәландыратын құжатқа немқұрайлы қарауды көрсетеді. Бұл жағдайда құжатты қайта ресімдеу кезінде мемлекеттік баждың ұлғаюы азаматтарды жеке басын куәландыратын құжаттарға неғұрлым ұқыпты қарауға ынталандыратын болады», - деп енгізілгелі отырған құжатқа түсіндірме берілген.
Айта кетейік, қазір жеке куәлікті алу үшін төленетін мемлекеттік баждың мөлшері - 0,2 АЕК (690 теңге). Енді жаңа өзгеріске сәйкес, құжатты екі реттен көп жоғалтқан жағдайда оны қайта рәсімдеу құны 3 450 теңге болмақ.