Жеке меншіктегі стансалар бюджет қаражаты есебінен жөнделмейтін болады

Депутаттардың мәліметі бойынша, қазіргі таңда Жамбыл облысының Қордай ауданында электр энергиясына тапшылық бар. Қазір қажетті қуаттың 90%-дан астамы көрші Қырғыз Республикасынан алынады.
Аталған ауданда орналасқан «Korcem» Қазақстан-Сингапур кәсіпорны тарапынан жалпы инвестициялық көлемі 50 млрд теңге болатын 300 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін ауқымды цемент зауытының құрылысы жүріп жатыр. Аталған нысанға 35 МВт электр энергиясына қажеттілік бар.
«Қордай ауданында қуаты 63 МВА 220/110/10 кВ қосалқы станциясы мен жоғары вольтты әуе желілерін салу үшін қажетті 21 млрд теңгені республикалық бюджет есебінен бөлуге ықпал етуіңізді», - делінген депутат сауалында.
Үкімет басшысы жауабында жаңа энергетикалық нысанды қаржыландыру жолын қайта қарау керектігін айтқан. Нақтырақ айтсақ, бюджеттік өтінімнен «Жамбыл электр желілері» ЖШС-ның кіші станцияларды реконструкциялау бойынша жұмыстары алынып тасталуы керек.
«Жобалау-сметалық құжаттамада «Жамбыл электр желілері» ЖШС-ның жеке меншігіндегі кіші станцияларды реконструкциялау жұмыстары көзделетіні анықталды. Бұл бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес келмейді.
«Жамбыл электр желілері» ЖШС-ның кіші станцияларды реконструкциялау бойынша жұмыстар алынып тасталғанға дейін оны қаржыландыру мүмкін болмайтынын назарға ала отырып, әкімдік мемлекеттік сараптама қорытындысын ала отырып, жаңа жобаны әзірлеуді жүзеге асыратын болады.
Жаңа жобаны әзірлеу 2020 жылы анықталған жабдықтардың, материалдардың және құрылыс жұмыстарын қымбаттауы себебінен сметалық құнын қайта қарау қажеттілігімен де байланысты.
Осыған байланысты жобаны қаржыландыру мәселесін жаңа жобаны әзірлеу және бекіту қорытындылары бойынша қарауға болады», - деп жазады Әлихан Смайылов.