Жеке сәйкестендіру нөмірін беру ісінде қосымша ұйымдастыру шаралары атқарылуы қажет - У. Қалижан

АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Жеке сәйкестендіру нөмірін беру ісінде қосымша ұйымдастыру шаралары атқарылуы қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Уәлихан Қалижан осылай мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жұртшылық арасында азаматтардың жеке куәлігі мен төлқұжатына жеке сәйкестендіру нөмірінің енгізілуіне байланысты үлкен қобалжулар орын алып отыр. 2010 жылғы тамыздың 13-інен бастап Қазақстанда азаматтардың тиісті құжаттарында ЖСН болмаған жағдайда ондай құжаттардың күші болмайтындығы белгілі. Осы күн жақындаған сайын жұртшылық арасындағы дүрбелең де ұлғайып барады», деді депутат. Оның айтуынша, бүгінгі күні Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезектер қалыптасып, тіпті бұл мәселеге «әдеттегідей» делдалдар да араласып жатқан көрінеді.

«Расында қолданыстағы заңға сәйкес елімізде жеке сәйкестендіру нөмірлерін енгізу 1997 жылдан басталса, оның аяқталу мерзімі биылға белгіленген. Бірақ, мемлекеттік органдар осы аралық кезеңде жұртшылық үшін ақпараттық хабарландыру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізген жоқ. Тіпті қазірдің өзінде қазақстандықтар арасында ЖСН алуға қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелер орын алуда. Бұнымен қоса, ХҚО мен әділет органдары қызметкерлері тарапынан бір біріне қарама қайшы ақпараттар беріліп жатыр. Мәселен, олардың бірі тамыздың 13-інен кейін ЖСН беру ақылы болатынын айтса, енді біреулері мүлдем басқаша айтады», дей келе депутат У. Қалижан бұл мәселеде әлі де көп сауалдардың бар екендігін алға тартты.

Осы мәселелерге тоқтала келе депутат, құжаттар бойынша ЖСН беру ісінде әлі де қосымша ұйымдастыру шараларын атқару қажеттігіне назар аудартады. «Бұл ретте әділет органы қызметкерлері мен халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын белсендіре түсу қажет. Тіпті олардың демалыс күндері мен тәулік бойы қызмет етуін қамтыған да орынды», деді У. Қалижан.

Соңғы жаңалықтар