Жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) жоқ туу туралы куәліктерді жаңа жылға дейін ауыстырудың қажеті жоқ - Комитет төрағасы

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы Бақыт Әбішев мәлім етті.
Қазақстанда әрбір азаматқа Жеке сәйкесендіру нөмірін белгілеу 1997 жылдан басталғанымен, 1996-2007 жылдар аралығында туған балалардың туу туралы куәліктеріне ЖСН жазылмай келген. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік жеке код (ӘЖК) пен Салық төлеушінің нөмірі (СТН) қолданыстан алынып, олардың орнына ЖСН жүретіндіктен, Жеке сәйкестендіру нөмірлері жоқ ересектер өздерінің жеке куәліктерімен бірге балаларының да туу туралы куәліктерін ауыстыруға кіріскен. Министрлік өкілі анықтағандай, ЖСН-ны жоқ туу туралы куәліктерді ауыстырудың қажеті жоқ.
«Қазір жекелеген өңірлерде ЖСН-ны жоқ туу туралы куәліктерді ауыстыруға қатысты дүрбелең жүріп жатыр. Мысалға, Шымкентте екінші апта болды, адамдар ХҚКО-ларға балаларының туу туралы куәліктерін ауыстыруға алып келуде. Заңға сәйкес ЖСН-ны жоқ барлық туу туралы куәліктер жарамды болып табылады. ЖСН-ны жоқ болғаны үшін оларды ауыстырудың қажеті жоқ. Себебі, мемлекетпен тағайындалатын қандай да бір жәрдемақылар балаға ата-ананың ЖСН-ны бойынша беріледі. 1996-2007 жылдар аралығында туған балаларға ЖСН-ды 2012 жылдың бірінші тоқсанынан бастап жоспарлы түрде мектептер арқылы беретін боламыз. Туу туралы куәліктерге ЖСН жазылған қосымша бет қосылады», - деп нақтылады Б.Әбішев.
Б.Әбішев атап көрсеткендей, бүгінгі күнге дейін Қазақстанда жеке куәліктерінде ЖСН-ны жоқ 250 мыңға жуық азамат қалып отыр. Комитет төрағасы, Жаңа жылдан бастап бұл азаматтар ескі құжаттар бойынша қандай да бір заңды келісімдер жасап, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды ала алмайтындығын еске салды. Онымен бірге, ағымдағы жылдың соңына дейін қазақстандықтар ЖСН-ны жоқ ескі куәліктерін жаңасына тегін ауыстырса, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап 303 теңге төлейтін болады.