Жеке сектор экономикалық өсім мен жұмыс орындарын құрудың қозғалтқыш күші болуы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеке сектор Қазақстандағы экономикалық өсім мен жұмыс орындарын құрудың жеткілікті қозғалтқыш күшіне айналуы тиісс. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Ерғалиев мәлім етті.
Институт өкілінің пайымынша, әлемдік экономиканың даму трендтері бүгінгі таңда түрліше құбылып тұр. Мәселен, соңғы онжылдықта мемлекеттік сұраныс пен мұнай бағасына негізделген экономикалық өсім үлгісінің кемшіл тұстары да айқын білінген.
«Сондықтан да, осының орнын басатын жеке сектор экономикалық өсім мен жұмыс орнын құрудың жеткілікті қозғалтқышына айналуы тиіс. Бұл дегеніңіз құрылымдық реформаларды белсендіру талап етілетінін білдіреді, соның ішінде әсіресе бизнес-ортаны жақсарту, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, білім беру сапасын көтеру аса өзекті. Осылар арқылы жеке сектор түпкі нәтижеде табысты дамып, экономикалық өсім үшін өзін өзі толық қамтитын қозғалтқышқа айналуы шарт», - деді Ә. Ерғалиев.
Тоқтала кететін жайт, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында негізгі құрылымдық реформалар қажеттігін айтқан болатын. «Жалпы мемлекеттік сұранысқа негізделген экономикалық үлгіні ұстанған елдерде ұзақмерзімді жоспар орнықсыз болатыны белгілі. Сондықтан да, қазіргі күні жеке секторды дамыту үшін барлық жағдайларды жасаған маңызды», - деді Ә. Ерғалиев.