Жеке сот орындаушылар өңірлерде тым аз - Сот актілерін орындау комитеті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада жеке сот орындаушылар институтын Қазақстанда дамыту мәселесіне арналған конференцияда ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитеті бірқатар ұсыныстар жасады.
«Комитет мамандарының талдауына сүйенсек, 2013 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сот орындаушылардың аткаруында 1 млн. 610 мың құжат, жеке сот орындаушылардың (ЖСО) атқаруында небәрі 87 мың құжат немесе жалпы көоемнен 5 пайызы ғана болды. Бұл ретте жеке сот орындаушыларының үлесіндегі құжаттардың 80 пайыздан астамы заңды тұлғалардың пайдасына өндіруіне қатысты. Шамалы сомаларды өндіру жөніндегі атқарушылық құжаттар және әлеуметтік маңызды санаттағы істер олар үшін әлі де болса азын-аулақ қызығушылықты таныта алмаған», - делінген аталған ведомствоның хабарламасында.
Осы мәселені түзеу үшін және жеке сот орындаушыларын барлық санаттағы істермен айналысуын ынталандыру мақсатында биылғы қаңтарда «Кейбір заңнамалық актілерге атқарушылық іс жүргізуін одан әрі жетілдіру мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында өндіру сомасына немесе мүлік құнына байланысты жеке сот орындаушыларының қызметін төлеу үшін регрессивті мөлшерлеме енгізілген (3%-дан 25 %-ға дейін көтеру).
Конференцияға қатысушылар жеке сот орындаушыларына жүктелетін істердің біртіндеп көбеюін қарастырумен қатар олардың білімін жетілдіру жолдарын қарастырмақ.
Жеке сот орындаушыларының (ЖСО) қызметіне қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Комитет қалаларда, облыстар мен аудандарда ЖСО-ның шектелген құрамын бекітуді ұсынады. Қазіргі таңда ЖСО негізінен Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған (189 немесе олардың жалпы көлемінен 40,2 %). Кейбір облыстарда олардың саны 5-10 адамнан аспайды, ал аудандарда мұндай мамандар атымен де жоқ.