Жеке сот орындаушылары институты сот шешімдерінің 100 пайыз орындалуын қамтамасыз етеді - Жоғарғы сот өкілі
Жылына елде сот актілерінің небәрі 75-80 пайызы ғана орындалады. Жеке сот орындаушылары инстиутын енгізу сот шешімдерінің 100 пайызға дейін орындалуын қамтамасыз етеді. Бұл туралы бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бақтияр Өнербаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда елде 1 мың 791 сот орындаушысы бар. Ал заңда көрсетілген талаптар бойынша сот орындаушыларының саны елдегі жұмыс істеп жатқан судьялардың санымен бірдей болуы керек. «Республикадағы судьялар санының 2 мың 433 екендігін ескерсек, бізге әлі 600-дей сот орындаушысы қажет. Сонымен қатар айта кететін мәселе, уақыт өткен сайын халықтың сауаты, оның ішінде құқықтық сауаты ерекше артып келеді. Нәтижесінде қоғам арасында дау тудырған көптеген мәселелер негізінен соттың қарауымен шешілуде. Нәтижесінде сотта қаралатын істер жылдан жылға артып келеді. 2009 жылы сот жүйесінде қаралған істер саны 1 миллионға жуық болды», деді Комитет төрағасының орынбасары.