Жеке сот сарапшыларының қызметін регламенттейтін қауымдастық құру қажет - Б.Әбдірайым

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Әділет министрлігінде жеке сот сарапшылары институтын одан ары дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жеке сот сарапшыларының қызметін регламенттейтін қауымдастық құру қажет - Б.Әбдірайым

Шара барысында жеке сарапшылар мен құқық қорғау органдарының, соттардың өзара іс-қимылын, қызметін үйлестіру бағытында жеке сот сарапшылары институтын дамыту және ынталандыру мәселелері талқыланды.

«Жеке сот сарапшыларының қызметін регламенттейтін қауымдастық немесе басқа бір кәсіби ұйым құру қажет. Сонымен қатар Парламент қарауында өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы заң жобасы жатыр. Аталған заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес өзін-өзі реттейтін ұйымдарға сот-сараптамалық қызмет саласы да жататын болады», - деді ҚР Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайымов.

Оның атап өтуінше, заң жобасының тұжырымдамасы әлі қабылданған жоқ. Құжат Парламент депутаттарының талқылауынан өтуде.

«Нәтижесінде құрылатын қауымдастық немесе сот сарапшылары палатасы өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы заңның іс-қимыл аясына кіретін болады. Бұл мәселе біздер үшін барынша маңызды», - деді ол.