Жеке тұлғаларды мүлкін сақтандыруға ынталандыру арқылы үкімет табиғи апаттардан болатын тәуекелді жеңілдете алады - Kompetenz компаниясының басқарушы директоры

АЛМАТЫ. 11 маусым. ҚазАқпарат - Жеке тұлғаларды өз мүлкін сақтандыруға ынталандыру арқылы үкімет табиғи апаттардан болатын тәуекелді жеңілдете алады.

Жеке тұлғаларды мүлкін  сақтандыруға ынталандыру арқылы  үкімет табиғи апаттардан болатын тәуекелді жеңілдете алады - Kompetenz компаниясының басқарушы директоры

Kompetenz сақтандыру компаниясының қаржы жөніндегі басқарушы директоры Азат Атамбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір білдірді.

«Халықтың сақтандыру нарығы туралы сауаты әлі жеткілікті деңгейде емес. Көп адамдар сақтандырудың пайдасын жете түсінбейді. Олар сақтандырушылар тек ақша жинаумен айналысып, қандай да бір оқыс жағдай болғанда сақтандыру төлемін төлеуден жалтарып кетеді деп ойлайды. Шындығында бұл олай емес», - дейді А. Атамбаев. Оның айтуынша, сақтандыру қызметінің тиімділігіне көлікті сақтандыру арқылы көз жеткізгендер аз емес. Әрине, сақтандыру қызметінің бұл түрін дамытуға мемлекет тарапынан да үлкен қолдау жасалды. Енді оны тұрғын үй қорын сақтандыруға да пайдалануға болады.

«Қазір мемлекет барлық тәуекелді өз мойнына жүктеп алған. Бұл бір күні ірі шығынға ұшыратуы мүмкін. Оның белгісін су тасқыны сияқты табиғи апаттар кезінде көзбен көрдік. Алайда одан әзірге ешкім сабақ алып отырған жоқ. Бұл жағдай үкіметті де, жеке тұлғаларды да ойландыру тиіс. Мемлекеттік құзырлы органдар арнайы комиссия құрып, белгілі бір есептеулер жүргізу арқылы мүліктің орналасқан жері, ондағы тәуекел деңгейі сияқты көрсеткіштер арқылы сақтандыру көлемін, сыйақы мөлшерін белгілеуі тиіс», - дейді Азат Сұлтанұлы.