Жеке тұлғаларға автобустар мен шағын автобустарға иелік етуге тыйым салу ұсынылды

«Жолдағы қозғалыстың қауіпсіздігіне ықпал ететін кезекті фактор жолаушыларды заңсыз тасымалдауға байланысты. Бұндай тасымалдар вокзалдар мен базарлар маңында, сондай-ақ халық көптеп жиналатын өзге де орындарда стихиялық және ашық түрде дамып келеді. Біз жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың екі мыңнан астам фактісін анықтадық», - деді ҚР Бас прокуратурасының департамент басшысы Қанат Сейдғапбаров.
Осы орайда прокуратура өкілі олар салықты төлеуден жалтарумен қатар, қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін елемей жүргендігін атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, заңсыз тасымалдаушылардың нақты санын анықтау мүмкін болмады, алайда бұл тұрғыда шамамен 30 мыңнан 50 мыңға дейін жүргізушілер мен олардың көлік құралдары қызмет керсетуде. Осы нарықтың дамуына Қазақстандағы автобус паркінің 60 пайызы жеке тұлғалардың үлесінде болуы жағдай жасап отыр.
«Осыған байланысты жеке тұлғаларға автобустар мен шағын автобустарға иелік етуге тыйым салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Бұндай құқықты (автобустарға иелік ету) жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға ғана беру ескерілуі керек»,-деді Қ. Сейдғапбаров.