Жеке тұрғын үй құрылысында пайдаланылмай жатқан 20 мың жер телімі мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеке тұрғын үй құрылысында пайдаланылмай жатқан 55 мың жер телімі анықталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-миниcтрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

Жеке тұрғын үй құрылысында пайдаланылмай жатқан 20 мың жер телімі мемлекетке қайтарылды

«Республика аумағында жеке тұрғын үй құрылысына 385 мыңнан астам жер телімі берілді. 328 мың жер телімі тексеріліп, пайдаланылмай отырған 55 мың учаске анықталды. Оның ішінде 16,3 мың жер телімін пайдалану жұмыстары басталды, 7,2 мың жер учаскесі азаматтық-құқықтық мәмілелер нәтижесінде жаңа меншік иелеріне ауысты, пайдаланылмай отырған 20 мың учаске мемлекет меншігіне қайтарылды, ал иесіз мүлік ретінде 9 мың жер телімі есепке қойылды. Қалған жер тілімдері бойынша меншік иелеріне жазбаша нұсқамалар берілді»,-деді ол.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, жер учаскелерін пайдаланбаудың себептері инфрақұрылымның жоқтығынан, яғни сумен, электр энергиясымен және жолмен қамтамасыз етілмеуіне байланысты болып отыр. Сонымен қатар жер телімдерінің иегерілмеуіне кейбір меншік иелерінің қаржы тапшылығы да ықпал етті.