Жеке Ұлттық ғарыш агенттігі құрыла ма
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутатының жеке Ұлттық ғарыш агенттігін құруға қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ғарыш саласында басшылықты жүзеге асыру және салааралық үйлестіру бөлігінде қойылған міндеттерді іске асыру үшін жеткілікті өкілеттіктер берілген. Бұған қоса, ғарыш саласын цифрландыру, байланыс, электронды өнеркәсіп, геодезия және картографиямен бір мемлекеттік органға біріктіру оң синергетикалық әсерге ие. Мәселен, ғарыш саласының өнімдері мен қызметтері (ғарыштық суреттер мен ЖҚЗ деректері) артық бюрократиясыз бірін-бірі толықтыратын бағыттарда белсенді пайдаланылады», - деді Роман Скляр.
Сондай-ақ оның айтуынша, уәкілетті органның жанынан ғылыми-зерттеу базасын құру үшін Үкімет В.Фесенков атындағы Астрофизикалық институтты, Ионосфера және ғарыш техникасы мен технологиялары институттарын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына беру туралы шешім қабылдады.
2030 жылға дейінгі Мемлекеттік басқару тұжырымдамасында (Мемлекет басшысының 26.02.2021 жылғы № 522 Жарлығы) мемлекеттік аппаратты одан әрі оңтайландыру көзделгенін ескере отырып, жеке Ұлттық ғарыш агенттігін құру қазіргі уақытта тиімсіз деп санаймыз», - деді ол.