Жекелеген нарықтағы баға шектеулерін алып тастау іс-қимыл жоспары қабылданбақ

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жекелеген нарықтағы баға шектеулерін алып тастау бойынша іс-қимыл жоспарын қабылдау жоспарланған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінен мәлім етті. 

Жекелеген нарықтағы баға шектеулерін алып тастау іс-қимыл жоспары қабылданбақ
Фото: Pixabay.com

— Экономиканы ырықтандыру аясында мемлекеттік сектор үлесін азайту, бірқатар саланы демонополизациялау, мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және тағы басқалары бойынша шаралар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының заңнамалық негіздерін 5-тен 4-ке дейін қысқарту бойынша (Кәсіпкерлік кодекстің 192-бабының 5-тармақшасын алып тастау есебінен) түзетулер қабылданды. Квазимемлекеттік секторды құруға 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін мораторий енгізілді және мүлікті түгендеу, паспорттау және қайта бағалау бойынша жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша Мемлекеттік тізілім өзектілендірілді. Мемлекеттік компанияларда корпоративтік басқаруды арттыру аясында директорлар кеңестерінің тәуелсіз мүшелерін конкурстық іріктеу, сондай-ақ тәуелсіз директорлар сайланатын арнайы тізілім енгізілді, — деді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомство мәліметінше, мемлекеттік реттеуді өзгертуге, бәсекелестік тарифтерді енгізуге және басқаларына байланысты бірқатар шара 2027-2029 жылдарға жоспарланған.

— Жоғарыда аталған іс-шаралардың орындалу барысы Премьер-министрінің төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында қаралды. Қарау қорытындысы бойынша заңнамалық, экономикалық және технологиялық бағыттарды қамтитын кешенді шаралар әзірленді. Атап айтқанда, квазимемлекеттік сектордағы холдингішілік кооперацияны кезең-кезеңімен қысқарту, тарифтерді саралау бөлігінде Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын өзгерту арқылы нормативтік базаны үйлестіру көзделеді. Бұл ретте ынталандырушы тарифтік реттеуді енгізу жекешелендіруге жататын кәсіпорындарға қатысты басым тәртіппен ұсынылады. Сонымен қатар, Жекелеген нарықтардағы баға шектеулерін алып тастау бойынша іс-қимыл жоспарын қабылдай отырып, баға шектеулерін анықтаудың және олардың салдарын бағалаудың бірыңғай әдіснамасын енгізу ұсынылады, — деді Ұлттық экономика министрлігі.

Премьер-министр Олжас Бектенов Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізіп, онда мемлекеттік органдарға экономиканы ырықтандыру бағытында бірқатар тапсырма берген еді.