Жекеменшік білім беру ұйымдарының жартысынан астамы қауіпсіздік жүйесін қоспаған

АСТАНА. KAZINFORM — Өңір әкімдері білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен, турникеттермен, жедел басқару орталықтарына қосылған камералармен жабдықтауы қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

Безопасность в школе Мектеп қауіпсіздігі турникет
Фото: Аділет Беремқұлов/ Kazinform

«Оқу жылы басталғанша, физика, химия, биология, робототехника бойынша 1000-ға жуық пәндік кабинет сатып алынуы керек. Өңір әкімдіктері Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, барлық мектепте заманауи пәндік кабинеттерді ашу үшін кешенді жаңғырту жұмыстарын уақтылы қамтамасыз етуі қажет. Бұл жұмысқа салғырт қарауға болмайды», - деді Олжас Бектенов.

Мұнымен қоса Үкімет басшысы биыл білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықтың талаптары кеңейтілгенін еске салды.

«Сонымен қатар, бүгінде жекеменшік білім беру ұйымдарының жартысынан астамы қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілмеген. Өңір әкімдері білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен, турникеттермен, жедел басқару орталықтарына қосылған камералармен жабдықтауы қажет. Ішкі істер министрлігі осы бағытта тексерулерді жалғастырсын. 1 қыркүйекке қарай қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау үлесін 90 пайызға дейін қамтамасыз етіп, жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу керек», - деді Премьер-Министр.