Жекешелендіру: Биыл 123 нысан сатылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Жекешелендірудің кешенді жоспарына кірген 123 нысан сатылады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі күні Жекешелендірудің кешенді жоспарына кірген 898 нысанның 530-ы жоспар жүзеге асқан уақыттан бастап сатуға шығарылды. Оның 473-і 470 млрд теңге сомасына сатылды. Атап айтқанда республикалық меншіктегі 47 нысан 44 млрд теңгеге, коммуналдық меншіктегі 246 нысан 64 млрд теңгеге, ұлттық холдингтің 102 нысаны 356 млрд теңгеге, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның 78 нысаны 6 млрд теңгеге саудаланды», - деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, ІРО-ға шығарылған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларының 15 пайызы бойынша сауда-саттық АХҚО биржасында және Лондон қор биржасында өткен. Акцияларды 49 шетелдік және 17 отандық заңды тұлға, сондай-ақ 2700 Қазақстан Республикасының азаматы сатып алған. Мәмілелердің жалпы сомасы 168 млрд теңгені немесе 451 млн АҚШ долларын құраған.
«Мұнан басқа, 280 нысан қайта құруға және таратуға жіберіледі. Оның 170-і қайта ұйымдастырылып, жойылды. Осылайша, Жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау 84 пайызды құрады. Жекешелендірудің кешенді жоспары түгендеу нәтижелері бойынша анықталған нысандармен біртіндеп толықтырылатынын атап өткім келеді. 2018 жылдың қараша айында қосымша 48 нысан енгізілді. Ағымдағы жылы кешенді жоспарға кірген 123 нысанды сатуды аяқтау жоспарланып отыр»,- деді ол.