Жекешелендіруден кейінгі бақылауды күшейту қажет - министр
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бүгінгі Үкімет отырысында жекешелендіруден кейінгі бақылауды күшейту туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жекешелендіруден кейін кәсіпорынның әрі қарайғы қызметіне бақылау жүргізілуі керек. Себебі, объектілерді сатқан кезде сатудың жекелеген шарттары айқындалуы мүмкін. Мысалы, қызметтің профилін сақтау; жаңа жұмыс орындарын құру немесе сақтау; борышты өтеу; табиғат қорғау шараларын жүзеге асыру; жекешелендіру объектісіне құйылатын инвестиция көлемін, түрлерін мен мерзімдерін белгілеу және т.б.», - деп атап өтті министр Сүлейменов Үкімет отырысында.
Министрдің ұсынысына сәйкес, жекешелендіруден кейінгі бақылау жеке меншік иелердің объектіні басқару тиімділігін анықтау үшін бәсекелестік ортаға бергеннен кейін 3-5 жылдан соң жүзеге асырылуы тиіс және бұл бақылау квазимемлекеттік секторда да жүргізілуі тиіс.
«Жекешелендiруден кейiнгi бақылау тек мемлекеттiк меншiк активтері бойынша жүзеге асырылады. Квазимемлекеттік сектордың сатылған активтері бойынша бақылау жүзеге асырылмайды. Осыған байланысты, ұлттық холдингтерге сату шарттарының орындалуына және тұтас компания қызметінің тиімділігіне жекешелендiруден кейінгі бақылауды қамтамасыз етуді одан әрі орындауды тапсыру қажет», - деп өз сөзін түйіндеді Т. Сүлейменов.
Сонымен бірге, Ұлттық экономика министрі жекешелендіру объектілерінің негізінен екінші және үшінші сауда-саттықтарда сатылатындығын, олардың бастапқы бағасы алдыңғы бағасынан 50 пайызға төмендеп, мемлекетке шығын келетінін баса айтты.