Жекешелендірудің кешенді жоспарының 90 пайызын орындау қажет – Үкімет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл жекешелендірудің кешенді жоспарының 90 пайызын орындау қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жекешелендірудің кешенді жоспарының 90 пайызын орындау қажет – Үкімет басшысы

Экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп қысқарту және барлығына тең мүмкіндіктер беру. Бұл кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға беру арқылы іске асырылуы тиіс. Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін Жалпы ішкі өнімнің 14,4 пайызына дейін қысқартуымыз керек. Биыл жекешелендірудің кешенді жоспарының 90 пайызын орындау қажет», - деді Премьер-Министр.

Оның атап өтуінше, инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр.

«Тозығы жеткен электр, жылу және сумен жабдықтау желілерін азайту үшін түпкілікті шаралар қабылдауымыз керек. «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жөндеу және реконструкциялау бойынша жоспарланған барлық инвестициялық жобалар орындалуы тиіс», - деді ол.