Жексен Айсын: Өнер адамдарын қолдау — тұтас қоғамға жасалған қамқорлық
АСТАНА. KAZINFORM — Өнер адамдарын қолдау — тұтас қоғамға жасалған қамқорлық. Бүгін Ақордада Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижері Жексен Айсын осылай дейді.
«Баршаңызды бүгінгі мәдениет пен өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің қолыңыздан марапат алу мен үшін қуанышты сәт әрі биік мәртебе. Мәдениет саласы әрдайым сіздің назарыңызда екені ерекше қуантады. Өнер адамдарынан білдірілген қолдау түптеп келгенде тұтас қоғамға жасалған қамқорлық деп түсінеміз. Еліміздің басты музейлеріне ұлттық мәртебе беру туралы сіздің тапсырмаңыз төл руханиятқа деген үлкен құрмет. Біздер — мәдениет саласының қызметкерлері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсай береміз», — деді Жексен Айсын.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының аға оқытушысы Мұрат Бисенғалиев шығармашылық қауым қоғам дамуы мен тұтастығы жолында қажырлы қызмет етуге дайын екендігін айтты.
«Мәдениет — қоғам өмірінің айнасы, сарқылмайтын қазына, баға жетпес құндылық. Көп жыл бойы халқымыздың өнерін дәріптеп, одан ары өсіп-өркендеуіне атсалысып келеміз. Болашақта игі істерді жалғайтын таланатты шәкірттер тәрбиелеп жүрміз. Қазақ ұлттық өнер университеті енді халқымыздың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітованың есімімен аталады. Бұл қазақтың біртуар өнерпазына деген құрмет қана емес, тарихи сананы жаңғырту әрі келешек ұрпақ үшін сабақ боларлық бастама деп санаймын. Шығармашылық қауым қоғам дамуы мен тұтастығы жолында қажырлы қызмет етуге әрдайым дайын. Төл өнеріміз өркендеп, мәдениетіміз биік бола берсін!» — деді ол.