Жексенбіде Қазақстанның басым бөлігінде қар жауады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым бөлігінде жексенбі күні атмосфералық ағындардың өтуімен ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста кей жерлерде жапалақтап қар жауады. Кей жерлерде тұманды, көктайғақ болады, бұрқасын көтеріледі, жел күшейеді, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.

Жексенбіде Қазақстанның басым бөлігінде қар жауады

Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерде жел 15-23 м/с-қа дейін күшейеді, бұрқасындатып, тұман түседі, көктайғақ болдаы.

Маңғыстау облысында кей жерлерде тұман түседі, көктайғақ болады, күндіз желдің күші 15-20 м/с-қа дейін жетіп, жаяу борасын жүреді.

Алматы облысында кей жерлерде көктайғақ болады, тұман түседі, желдің күші 15-20 м/с. Қызылорда, Атырау облыстарында кей жерлерде жел 15-22 м/с-қа дейін күшейеді, бұрқасын көтеріледі, көктайғақ болады.

Ақтөбе облысында кей жерлерде тұман түседі, бұрқасындатады, күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Қостанай облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі, күндіз жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде тұман түседі.

Ақмола облысында түнде жаяу борасын жүреді.

Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында кей жерлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетіп, бұрқасындатады.