Жел, үсік, тұман: 11 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 11 қыркүйек - жұма күні Қазақстан аумағының басым бөлігіне антициклон әсер етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жел, үсік, тұман: 11 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

Осыған байланысты елімізде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Тек еліміздің батысында және оңтүстікте атмосфералық фронттардың әсерінен жаңбыр жауады, батыста найзағай жарқылдап, жауын-шашын болады.

Республика бойынша кей жерлерде тұман түсіп, жел екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді.

Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде жел жылдамдығы - 15-20 м/с. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі.

Жамбыл, Қарағанды, күндіз Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде жел қарқыны 15-20 м/с жетеді.

Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар облыстарының кей жерлерінде тұман түседі.

Түнде Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының кей жерлерінде 1-3 градус үсік жүреді.

Қызылорда облысының басым бөлігінде, Қарағанды, Атырау облысының кей жерлерінде және Түркістан облысында төтенше өрт қаупі сақталады.