Желбіреген көк Ту мен жеңіске қадам - Қазақстан спортшылары Олимпиада шеруінде жүріп өтті

ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы ХХIII қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар салтанатты шеруде жүріп өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Желбіреген көк Ту мен жеңіске қадам - Қазақстан спортшылары Олимпиада шеруінде жүріп өтті

Айта кетейік, қысқы Олимпиада ойындарынан «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінің арнайы тілшісі Күнсұлтан Отарбай тікелей ақпарат беретін болады.
Арнайы салынған бес бұрышты стадиондағы шеруде әлемнің 92 елінің спортшылары кезек бойынша жүріп келеді. Айта кетерлігі, бес құрлықтағы халықтың өкілдері үшін салынған стадионға 35 мың адам сияды екен. Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында ұйымдастырушылар табиғат пен адамзаттың үйлесімін көркем көрініс арқылы көрсете білді.
null 

Спортшылардың шеруін Грекия құрамасы бастады. Грекия екі спорт түрінен төрт қана спортшы әкелген. Олардың ізімен қар жаумаса да қысқы Олимпиадаға келіп отырған Гананың бір ғана спортшысы шеруді жалғастырды. Одан кейін Нигерия, Нидерланды және тағы басқа елдердің спорт саңлақтары шеруде жүріп өтті.
null 

Көп кешікпей Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар шеруден көрінді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Қазақстанның көк туын көкке желбіретті. Қазақстандық делегацияның айбыны асқақ, рухы басым. Стадионда сонымен бірге, көрерменнің қошеметіне ие болған 46 спортшымыз үшін тақым қысып отырған қазақстандық жанкүйерлер де көрінді.  

Айта кетсек,  осыдан аз ғана уақыт бұрын Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХIII қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде ашылған болатын.  Жалпы Олимпиадаға Қазақстан спортшылары 57 жолдама жеңіп алған еді. Олар спорттың 9 түрінен сынға түседі. Олимпиадада жалпы 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтқанда, биатлоннан - 11, бобслейден - 3, скелетоннан - 2, кёрлингтен - 3, конькимен жүгіруден - 14, мәнерлеп сырғанау - 5, шорт-трек - 8, тау шаңғысы - 11, шаңғы қоссайысынан - 3, шаңғы жарысы - 12, шаңғымен трамплиннен секіруден - 4, фристайл - 10, сноуборд - 10, шана спорты - 4, шайбалы хоккейден - 2 медаль ойнатылады.

Айта кетерлігі, Қысқы Олимпиада ойындары 1924 жылдан бері өткізіліп келеді. ХХIII қысқы Олимпиада ойындарына бұл жолы 92 мемлекеттің спортшылары қатысады. Бұл қысқы Олимпиада тарихындағы қатысушы елдер бойынша рекорд болып отыр.

фото: Izturgan Aldauyev