Желіде арандатушылық уағыз тараса, қалай шағым түсіруге болады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті ресми сауалымызға жолдаған жауабында арандатушылық сипаты бар діни уағыз айтқан адамның үстінен қалай шағым түсіруге болатынын түсіндірді.
Комитет мәліметінше, қоғамға кері әсер ететін діни үгіт-насихат жүргізген кісіні жауапқа тарту үшін алдымен оның уағызына сараптама жүргізу керек. Нәтижесінде, діни уағыздың мазмұны анықталып, баға беріледі. Бұл үдерісті «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңы 6-бабы 1-тармағына сәйкес Дін істері комитеті атқарады.
— Дінтану сараптамасы ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 162 бұйрығымен бекітілген Дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі, — делінген хабарламада.
Алайда діни уағыздың мазмұнын тексеретін мұндай сараптама тағайындалуы үшін жеке және (немесе) заңды тұлғалардың уәкілетті органға өтініш беруі қажет.
— Осыған сүйене отырып, діни әдебиетке және діни мазмұндағы басқа да материалдарға дінтану сараптамасын жүргізу үшін жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік қызмет алуға өтініш бере алады. Мемлекеттік қызметті алу үшін өтінішті комитетке қолма қол немесе «электрондық үкімет» веб-порталы, сондай-ақ, www.egov.kz не болмаса www.elicense.kz арқылы жіберуге болады, — делінген Дін істері комитеті жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін интернетте арандатушылық ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартуды заңмен бекітуді ойластыру керек екені жөніндегі Президент мәлімдемесін жариялағанбыз.