Желіде кальян жарнамалаған семейлік жасөспірім жауапқа тартылды

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семейде кальян жарнамалап, видеоға түскен 17 жастағы жасөспірім жауапқа тартылды.

полиция
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Әлеуметтік желілерде Семей қаласындағы ойын-cауық мекемелерінің бірінде 17 жастағы жасөспірімнің балағат сөздер қолданып, кальянды жарнамалаған видеосы тарады.

Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері бұл жарияланым бойынша тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

- Мекеме өкіліне де жауапкершілік жүктелді. Оған тыйым салынған жерде темекі өнімдерін тұтынуды тоқтату шараларын қабылдамағаны үшін әкімшілік шара қолданылды. Қазақстанда қоғамдық орындарда кальян шегуге 2020 жылдан бастап тыйым салынған. Әкімшілік материалдар заңда белгіленген тәртіппен cотқа қаралуға жолданды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Осы ретте, полицейлер ата-аналарға ескерту жасады.

- Жасөспірімнің өз бетінше ақша табуға деген талпынысы қолдауға лайық. Алайда жұмыс заңды, қауіпсіз болуы және оның болашағына зиян келтірмеуі тиіс. Сондықтан балаларыңызбен сөйлесіңіздер, олардың араласатын ортасына қызығушылық танытыңыздар және дұрыс жолды таңдауына көмектесіңіздер. Кейде дер кезінде айтылған бір ауыз сөздің салдары ұзақ уақытқа созылатын қателіктің алдын алуы мүмкін, - дейді тәртіп сақшылары.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да полиция қызметкерлері өртке оранған үйден баланы аман алып шыққаны хабарланған.