Желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетіп, кей жерлерде тұман болады - Қазгидромет
АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанның бірқатар өңірінде күн райына байланысты ескерту жарияланды. Кей жерлерде шаңды дауыл соғып, тұман түседі, көктайғақ болып, үсік жүреді. Желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Бірнеше облыста өрт шығу қаупі төтенше деңгейде сақталады, деп хабарлайды Қазгидромет.
Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында түнде жауын-шашын, негізінен қар жауып, көктайғақ болады. Кей жерлерде тұман түсіп, желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.
Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында шаңды дауыл соғады. Желдің екпіні кей жерлерде секундына 20–25 метрге дейін күшейеді. Атырау мен Қызылорда қалаларында да шаңды дауыл соғады.
Алматы облысында түнде ауа температурасы 1–6 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді. Қонаевта түнде үсік 1–3 градусқа жетеді. Талдықорғанда түнде 4–6 градус үсік күтіледі.
Жамбыл және Түркістан облыстарында желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетеді. Жамбыл облысының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Түркістан облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында да тұман болады.
Жетісу облысында түнде және таңертең таулы аудандарда тұман түседі. Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшейеді. Облыстың солтүстігі мен орталығында түнде 4 градус үсік жүреді. Өңірдің шығысында 16–20 қазан аралығында өрт шығу қаупі төтенше деңгейде сақталады.
Батыс Қазақстан облысында күндіз оңтүстік-батыста жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.
Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерде түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Ақтөбе және Ұлытау облыстарында желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін жетеді. Ұлытау облысының батысы, оңтүстігі мен орталығында өрт шығу қаупі төтенше деңгейде сақталады.
Бірқатар өңірде өрт шығу қаупі жоғары немесе төтенше деңгейде болады. Атап айтқанда, Абай, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Қызылорда және Ұлытау облыстарының кей жерлерінде өрт қаупі төтенше деңгейге жетеді.
Қызылорда, Ақтау, Павлодар, Петропавл, Шымкент, Түркістан және Жезқазған қалаларында да ауа райына байланысты ескерту жарияланды.
Осыған дейін Ыстанбұлда нөсер салдарынан мектептер жабылғаны туралы жаздық.