Желіні таңғалдырған түркістандық гид-күзетші ағылшын тілін ұялы телефоннан үйренген
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістандық күзетшінің ағылшындармен еркін сөйлесіп жүрген видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген туристерге экспонаттарды ағылшын тілінде таныстырған қарапайым еңбек адамының бұл әрекеті көпшіліктің таңданысын туғызды.
Гид-күзетшінің есімі — Шер Ильясов. Ясауи кесенесінде күзетші болып қызмет атқарады.
55 жастағы азаматтың ағылшын тілін меңгере бастағанына 5 жылдың жүзі болған.
«Бос уақыт көп бола бермейді. Тек үйге барғанда ғана тіл меңгеруге назар аударамын. Ешқандай курсқа жазылып, сабақ алып жүрген жоқпын. Тек өз күшіммен үйреніп жүрмін. Білгенімнен білмегенім көп. Сондықтан ізденуді тоқтатқан емеспін. Қазір ақпараттарды да ағылшын тілінде тыңдап жүрмін», — дейді ол.
Шер Талғатбекұлы күнделікті кешкі астан соң бір сағат уақытын тіл үйренуге бөледі. Ұялы телефон арқылы сөздер жаттайды да, аудио арқылы айтылуы мен оқылуын меңгереді.
Түсінбеген тұстарын ұл-қызынан сұрайды. «Кітаппен үйрену қолайсыз» — дейді жігіт ағасы.
«Қазақта „жолаушы мүсәпір“ деген сөз бар. Кесенеге келген туристер көпшіліктен көмек сұрап, түсіндіре алмай жатқан кездерін көрсем, бірден қасына барамын. Әжетхананың қайда екенін, су ішетін және тамақ ішетін жерлерді сұрап жатады. Баршасына көмектесемін. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе», — дейді ол.
Шер Талғатбекұлы жұмыс барысында күнделікті жаттаған сөздерін қолданып, шетелдіктермен сөйлеседі. Сұрақтарына жауап беріп, жөн сілтейді.
Тіпті, кесене аумағында гид қызметін де атқарып кете береді.
Себебі, мұндағы тарихи орындар мен жәдігерлерді күнделікті көріп жүргендіктен, баршасына қатысты әңгімелер мен әпсаналарды жаттап алған.
«Әлеуметтік желіде тараған видеодағы екі азамат Қытайдан келген екен. Кесене ішіндегі тайқазан туралы сұрады. Тарихын айтып, түсіндіріп бердім. Ал, видеоға түсірген адамның кім екенін білмеймін. Артымыздан келе жатқандарың бірі телефонға түсіріп, желіге жүктеп жіберіпті», — дейді Шәкең.
Гид-күзетші ендігі жерде испан тілін үйренуді жоспарлап жүр.
