Желтоқсан айында азық-түлік бағасы біршама төмендеді - А. Мамытбеков
«Жыл басынан бері инфляция 7 пайыз деңгейінде қалыптасты, оның ішінде қараша айында 0,6 пайызды құрады. Биылғы жылдың басынан азық-түлік тауарларының бағалары 8,8 пайызға өсті. Статистика агенттігінің алдын ала мәліметі бойынша ағымдағы айдың 20 күнінде азық-түлік бағасы 0,4 пайызға төмендеді», - деді министр.
Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, желтоқсанда қант - 7,7 пайызға, қарақұмық жармасы - 5 пайызға, пияз - 2,6 пайызға, ұн - 2,2 пайызға, картоп - 1,9 пайызға төмендеді. Ал жыл сайынғы маусымдық факторларға байланысты сүт (0,6 пайыз), қой еті (0,6 пайыз), сиыр еті (1 пайыз), қырыққабат (6,5 пайыз) бағасы біршама өсті.
«Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, 22 желтоқсандағы жағдай бойынша Тұрақтандыру қорларына барлығы 109 мың тонна азық-түлік, оның ішінде 34 мың тонна картоп, 17 мың тонна пияз, 8 мың тонна сәбіз және басқа да азық-түлік сатып алынды», - деді А. Мамытбеков.