12:44, 08 Қаңтар 2015 | GMT +5
Желтоқсан айында күнкөрістің ең төменгі деңгейі 18 774 теңгені құрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің хабарлауынша, 2014 жылдың желтоқсан айында еліміздегі күнкөріс деңгейінің шамасы 18 мың 774 теңгені құрады.
Атап айтқанда, негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 2014 жылғы желтоқсанда өткен аймен салыстырғанда 1,2 пайызға өскен. Ал бұл көрсеткіш 2013 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 9,2 пайызға артық.
«Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі 22,6%, сүт, май және тоң май өнімдері мен жұмыртқаны - 16,8%, жемістер мен көкөністерді - 10,5%, нан және жарма өнімдерін - 7,9%, қант, шай және дәмдеуіштерді 2,2%-ды құрады», - делінген баспасөз баянында.