«Желтоқсан» көтерілісінің 25 жылдығын жоғары деңгейде атап өту - біздің әруақтар алдындағы борышымыз - Төлеген Әлжанов

АЛМАТЫ. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы «Қаламгер» баспасөз үйінде «Желтоқсан» көтерілісінің боздақтары мен саяси қайраткерлерін еске түсіруге арналған «Тәуелсіздік мұраты және желтоқсан көтерілісінің тағылымы» атты отырыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Желтоқсан» көтерілісінің 25 жылдығын жоғары деңгейде атап өту - біздің әруақтар алдындағы борышымыз - Төлеген Әлжанов

Басқосуды «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша ұйымдастырып отыр. «Ел бірлігі - тәуелсіздік кепілі» жобасы аясында өткізіліп отырған бұл шара «Желтоқсан» боздақтары мен саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алуға арналған.

«Еліміздің қазіргі мызғымас бірлігі желтоқсандықтардың ерен ерлігінің жемісі. Санадан мәңгі өшпейтін Қайрат, Ләззаттардың ерлігі кейінгі ұрпақ тәрбиесіне өнеге. Кезінде қайсар қыздың атына дақ келтірген мәліметтердің барлығы бүгінде жалған екендігі дәлелденіп отыр. Көтерілістің алдағы 25 жылдығын жоғары деңгейде атап өту - біздің әруақтар алдындағы борышымыз», деді «Желтоқсан жаңғырығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Әлжан. Оның айтуынша, өзі басқаратын қоғамдық ұйым енді өз жұмысын тоқтатады.

Жиынға «Желтоқсан» көтерілісіне байланысты құрылған барлық қоғамдық-саяси ұйымдар басшылары мен тарихи оқиғаға қатысқан куәгерлер және жазушылар да қатысты. Отырыс соңында барлық қатысушы ұйымдардың келісімімен орталық кеңес құрылатын болып шешілді. Ол кеңес алдағы уақытта аталмыш тарихи оқиға бойынша жұмыс жасайтын болады. Ал оны басқару құрамындағы ұйым басшыларының әрқайсысына әр уақытта беріліп отырады деп жоспарланған.