Желтоқсан оқиғасындағы жастардың ерлігі бүгінгі жастарға үлгі болып қала бермек - Халық қаһарманы Б.Ертаев
АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін Алматыдағы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде Халық қаһарманы, генерал-лейтенант, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаевтың қатысуымен «Ерлікке тағзым - елдікке тағзым» атты кеш өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш университеттің ректоры Серік Пірәлиевтің айтуынша, кештің негізгі мақсаты - студент жастарға патриоттық тәрбие беру, туған елі мен жеріне деген құрмет сезімін арттырып, ел намысын қорғаған ерлердің ерлік жолын үлгі ету.
Кездесу барысында Б.Ертайұлы Ауған соғысында басынан өткізген тарихи кезеңдерге тоқтала келе, бүгінгі жас ұрпақтың патриоттық сезімін нығайта түсу үшін аталмыш соғыстағы қазақ жауынгерлерінің ерлігін айтып өтті.
Сонымен қатар, ол жастардың патриоттық рухта тәрбие алып келе жатқанын айтып өтті. «Ұлы Отан соғысындағы Баукеңдер ерлігі сол кездегі біздің патриоттық сезімімізді нығайта түссе, ауған соғысындағы, желтоқсан оқиғасындағы жастардың ерлігі бүгінгі жастарға үлгі болып қала бермек», дейді Халық қаһарманы.