Желтоқсанда шығарылған Ұлыбританияның ұшақ тасығыш кемесіне су кіріп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құны 3,1 млрд фунт стерлинг тұратын жаңа британдық алып ұшақ тасығыш кемесі салтанатты түрде суға түсірілгеніне екі апта өткеннен кейін, ішіне су кіре бастаған, деп хабарлайды The Sun басылымы.

Желтоқсанда шығарылған Ұлыбританияның ұшақ тасығыш кемесіне су кіріп жатыр

HMS Queen Elizabeth бортына ебелек білігінің (винт, вал) тығыздауышындағы ақауға байланысты сағатына 200 литр теңіз суы кіріп жатыр. The Sun дерегі бойынша, ұзындығы 284 метр және сыйымдылығы 70 мың тонна болатын кеме құрғақ докқа жөндеуге қайтып оралады. Жөндеу жұмыстарына бірнеше миллион фунт керек.  

Әскерилер тексеруді бастады. Олар осы нұсқамен жасалған «Уэльский ханзадасы» ұшақ тасығышында осындай мәселенің бар-жоғын анықтап жатыр.

Қазіргі таңда «Елизавета патшайымның» су сорғыштары бортқа кіріп жатқан суды айдап шығуға үлгереді. Сондықтан, ұшақ тасығыш Портсмутта теңіз сынақтарын жалғастыра алады.

«Біліктің тығыздауышына байланысты кемшілік «Елизавета патшайым» ұшақ тасығышын сынақтан өткізу кезінде анықталды. Оны жөндеу жұмыстары барысында ақауды түзетуге болады. Бірақ кеме әзірге Портсмутқа жақын жерде тұр», - деп мәлім етті Корольдіктің әскери-теңіз флоты.

HMS R08 - британдық флот үшін жасалған екі ұшақ тасығыштың бас кемесі саналады. Оған Англияның патшайымы I Елизаветаның (1558-1603) аты берілген.