Желтоқсанның соңына дейін 9 заң жобасы Парламентке енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Әділет министрі Қанат Мусин Үкіметтің 2022 жылға арналған заң жобалау жоспарының орындалу барысын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Желтоқсанның соңына дейін 9 заң жобасы Парламентке енгізіледі
«Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспары Парламент Мәжілісіне 26 заң жобасын әзірлеуді және енгізуді көздеді, 4 заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын жедел іске асыруға байланысты жыл ішінде жоспардан алынып тасталды», - деді министр бүгінгі Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, жыл барысында бұл жоспарға Үкіметтің 6 қаулысына түзетулер енгізілді.

9 заң жобасы бойынша Әділет министрлігіне, Үкімет пен Парламентке енгізу мерзімдері ауыстырылды. Бұл – денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, жергілікті өзін-өзі басқару, блоктық бюджет, жылу энергетикасы және Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары.

«Қазіргі уақытта 22 заң жобасының төртеуіне Мемлекет басшысы қол қойды, 9-ы Парламенттің қарауында, биылғы желтоқсан айының соңына дейін Үкіметтің қарауындағы 9 заң жобасын Парламентке енгізу жоспарланған. Әзірлеуші мемлекеттік органдардың (Энергетика министрлігі, Еңбек министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі) ақпаратына сәйкес, Үкіметтің қарауындағы 9 заң жобасын уақтылы енгізу жоспарлануда», - дейді Қанат Мусин.