Жем өзеніне батқан екі адамды құтқарған атыраулық марапатталды

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға биылғы 4 маусымда болған.
«Жылыой ауданындағы Тұрғызба ауылынан бір отбасы Жем өзеніне шомылуға барған. Бұл отбасында 3 ересек, 1 ұл, 3 қыз болған. Шомылу кезінде 13 жастағы Ерназ жағалаудан алысқа ұзап, шұңқырға батқан. Інісінің көмек сұраған дауысын естіген ағасы, 1998 жылғы Елдос бірден көмектесуге ұмтылады. Алайда інісін құтқаруға тырысқанымен, өзі де бата бастайды. Жағалауда тұрған 2000, 2008, 2006 жылғы апалы-сіңлілі Айсана, Дана және Меруерт бір-бірінің қолынан ұстап, суға батқан бауырларына көмектесуге талпынады. Бірақ алда келе жатқан Айсананың аяғы құрысып, бауырларына жете алмаған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Сол себептен Айсана айқайлап, көмекке шақырған. Оның дауысын кілем жуып жатқан зайыбына көмектесіп жүрген Манарбек Қартбаев естіген. Ол жағалауға жедел жетіп, өзенге батқандарды құтқару үшін суға секірген.
«Манарбек Қартбаев алдымен суға батқан Ерназды, кейін Елдосты құтқарып қалды. Кейін үш қыздың жағалауға жетуіне көмегін берді. Жедел әрекет еткен Манарбек Жайманұлы бір отбасының екі адамының өмірін сақтап қалды. Оған Төтенше жағдайлар министрлігінің «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі тапсырылды», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда тыйым салынған жерде шомылған ер адам Жайыққа батып кеткенін жазған едік.