Жем-шөппен қамтамасыз етуді қазірден қолға алу керек - Әлихан Смайылов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Әлихан Смайылов көктемгі егіс жұмыстарына қатысты тиісті министрліктерге бірқатар міндет жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жем-шөппен қамтамасыз етуді қазірден қолға алу керек - Әлихан Смайылов

«Біріншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі Индустрия және Қаржы министрлігімен бірлесіп, фитосанитариялық іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз етсін. Сонымен қатар, тыңайтқыш себу жұмысы бойынша шаралар қабылдасын. Екіншіден, Экология министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігі және әкімдіктермен бірлесіп, оңтүстік өңірлерде суармалы егістікті сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, Премьер-Министр егістік жұмыстарына дайындыққа көктемді күтіп отырмай бүгіннен кірісу керектігін ескертті.

«Үшіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз етуді қазірден қолға алу керек», - деді ол.

Бұған дейін Үкімет басшысы тыңайтқыштың жеткілікті себілмеуінен дихандардың 10 млн тонна бидайдан айрылғалы отырғанын айтқан еді.

Одан бөлек, Үкімет отырысында биыл көктемгі егіс жұмыстарына 140 млрд теңге бөлінетіні айтылды.