Жеміс ағашының бактериялық күйігімен күрес: Жаңа препараттар сыналып жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жеміс ағаштарының бактериялық күйігімен күрес бағытында препараттардың жаңа түрлері сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр, айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2021 жылы да өңдеу жұмыстары жоспарланған жалпы ауданы 776,6 гектар бақта республикалық бюджет есебінен тиісті препараттармен өңдеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі кезде, жеміс ағаштарының бактериялық күйігі ауруларына қарсы химиялық улы препараттарды қолданудың экологияға, тұтынушылардың денсаулықтарына тигізетін орасан зор әсерін ескере отырып, алдағы уақытта биологиялық препараттарды кең көлемде қолдануға көшу үшін олардың жаңа түрлерін сынақтан өткізу және өндіріске енгізу жұмыстары жүргізілуде», - делінген Үкімет басшысы орынбасарының сенаторлар сауалына берген жауабында .
Айта кетейік, 2020 жылғы анықтау жұмысының қорытындысы бойынша жеміс ағаштарының бактериялық күйігі таралған аудан 776,6 гектарды (Алматы облысында – 731,2 га, Жамбыл облысында – 35 га, Түркістан облысында – 0,5 га, Алматы қаласында – 9,9 га) құрап отыр.
Елімізде жеміс ағашының бактериялық күйігі таралған бақтарда өңдеу жұмысын республикалық бюджет есебінен «Фитосанитария» РМК жүргізеді.
Айта кетейік, сенатор Сұлтан Дүйсембинов Үкімет басшысынының орынбасарлары Ералы Тоғжанов пен Роман Склярға жолдаған сауалында қазақстандық бау-бақшаға, ұлттық мақтанышымыз болып саналатын «алматылық апортқа» ерекше қауіп төндіріп отырған бактериялық күйік қатері туралы дабыл қақты.